Қызылорда облысында білім мекемелерінің қысқа дайындығы 87 пайызды құрайды

ҚЫЗЫЛОРДА. Қыркүйектің 1-і. ҚазАқпарат /Жаңагүл Сердалы/ - Қызылорда облысы білім мекемелерінің қысқа дайындығы қазіргі таңда 87 пайыз болып отыр. Енді бір жарым айдан кейін жылу беру маусымы басталатынын ескерсек, жұмыстың баяу жүріп жатқанын байқауға болады. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Ұранқаев өткізген жылу беру маусымына дайындық барысы жөніндегі штабтың кезекті отырысында мәлім етілді.

Басқосуда облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының бастығы Батыржан Қаракөзов хабарлама жасап, Қызылорда жылу электр орталығы және Қызылорда оңтүстік жылу орталығы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындарының осыған орай жасап жатқан жұмыстары жайында баяндап берді. Осы уақытқа дейін Қызылорда электр жарығын тарату орталығы өз қаржысы есебімен 1 247,9 шақырымдық электр желілері мен қосалқы шағын стансыларға жөндеу жұмыстарын жүргізіп шыққан. Отырыста сонымен қатар Қармақшы ауданындағы Иіркөл орта мектебіне бу қазандығын орнату мәселесінің ретсіз кешігіп жатқаны айтылды.

Штаб отырысының түйінін шығарған облыс әкімінің орынбасары алдағы қазанның 1-іне дейін өздеріне тиесілі шаруашылықтарын қысқа дайындап үлгермеген басшылардан қатаң жауапкершілік сұралатынын ескертті.