ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында былтырғы жылдың 11 айында 19699 нәресте жарық дүниеге келген. Бұл алдыңғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11,4 пайызға артық, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қызылорда облысында 813,2 мың адам тұрады. Олардың арасында қалада 364,1 мың, ауылда 449,1 мың адам өмір сүреді.
Өткен жылдың 11 айында өңірге 22 мың 884 адам көшіп келсе, өзге аймаққа 27 мың 271 тұрғын қоныс аударған. Алыс және жақын шет елдерден 41 адам Қызылордаға қоныс аударған. Ал өзге облыстардан 6 мың 477 адам облысқа көшіп келді. Облыстың 16 мыңнан астам тұрғыны облыс ішінде тұрғылықты орнын ауыстырды.
«Былтырғы жылдың 11 айында 19 мың 699 сәби дүниеге келген. Ол алдыңғы жылмен салыстырғанда 11,4 пайызға өскен. Туудың жалпы коэффициенті 1000 адамға 26,61 баланы құрады.Облыста 5 мың 273 жұп некелескен. Оның ішінде Қазалы ауданында 516 жұп шаңырақ көтеріп, аудандар арасында көш бастап тұр», - деді облыстық статистика департаменті.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.