Қызылорда облысында биыл 7059 млн. теңгенің тұрғын үйлері салынды

ҚЫЗЫЛОРДА. 29 желтоқсан. ҚазАқпарат /Жаңагүл Сердалы/ - Қызылорда облысында биылғы жылғы қаңтар-қараша айларында тұрғын үй құрылысына 7059 млн.теңге жұмсалды. Облыстық статистика департаменті ұсынған бұл дерекке сәйкес, былтырғы жылға қарағанда өсім 28,7 пайызды құрап отыр.

Негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлемінде тұрғын үй құрылысында игерілген қаражаттың үлесі 3,2 пайыз болды. Пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы алаңы 215039 шаршы метрге тең. Салынған тұрғын үйлердің нақты көлем индексі өткен жылғы қаңтар-қарашасында 112,4 пайызды құрады.

Тұрғын үй құрылысының негізгі қаржыландыру көздері үлес салмағы 82,4-ды құрайтын салушылардың меншікті қаражаты болды. Пайдалануға берілген тұрғын үйлер көлемінің артуы облыстың барлық ауданында орын алды. Өткен жылғы тиісті кезеңімен салыстырғанда едәуір өсуі Қармақшы (2,4 есеге), Шиелі (1,5 есеге) және Сырдария аудандарында (1,2 есеге) байқалды. Пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы алаңының едәуір үлесі Қызылорда қаласына (61,8%) тиесілі.