Қызылорда облысында бүгін 2 ауылдық округте әкім сайлауы өтіп жатыр

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында бүгін 2 ауылдық округте әкімі сайлауы өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жалағаш ауданы Аққұм мен Мырзабай ахун ауылдарында әкім сайлауы өтіп жатыр. Таңғы сағат 7.00-де №146, 147 учаске ашылды. Алғашқы келген сайлаушыларға сыйлықтар үйлестірілді.

Сайлауда Аққұм ауылдық округі әкіміне 4 азамат үміткер болған еді. Олардың барлығы өзін-өзі ұсыну тәртібімен үміткер есебінде тіркелді. Алайда біреуінің құжаты талапқа сай келмеуіне байланысты кандидаттық тізімнен алынды.

Аққұм округінде 1023 сайлаушы бар.

Ал Мырзабай ахун ауылдық округінің әкіміне 5 кандидат үміткер атанды. Олардың бәрі өзін-өзі ұсыну жолымен кандидат ретінде тіркелген. Алайда 1-і өз өтінішімен кандидат болудан бас тартса, 1-і құжатты толық ұсынған жоқ.

Айта кетсек, Мырзабай ахун округінде 668 сайлаушы есепте тұр.

Еске салсақ, жыл басынан бері Қызылорда облысында 6 ауылдың әкімі сайланды. Олардың қатарында Қазалы ауданының Ақжона, Арықбалық, Жалағаш ауданының Жаңадария, Сырдария ауданының Ақжарма, Жаңақорған ауданының Жаңарық, Қармақшы ауданының Ақтөбе ауылдық округтері бар.

Биыл Президент тапсырмасына сәйкес аудан әкімдері де сайланбақ. Қызылорда өңірінде тұрғындар 2 аудан әкімін тікелей сайлайды.