Қызылорда облысында бұқаралық спортты дамыту бағытында 214 нұсқаушы іске кірісті
Осыған сәйкес биылғы жылы аймақта 214 спорт нұсқаушысының штаты ашылып, олар ауылдық жерлерде жұмыстарын бастап кетті.
Облыстық туризм, денешынықтыру және спорт басқармасының бастығы Садық Мұстафаев журналистермен өткізген баспасөз мәслихатында мәлімдегеніндей, аймақта соңғы жылдары бұқаралық спортты дамытуға айрықша көңіл бөлініп келеді. Соның нәтижесінде жыл сайын халық спорты спартакиадасын өткізіп тұру дәстүрге айналды. Өңірден шыққан спорт саңлақтары талай тартысты додаларда топ жарып, байрақты бәсекелерде бақтарын сынап, оза шауып жүр. Соның нәтижесінде былтырғы жылы облысымыз республика бойынша жетінші орынға дейін жоғарылады.
Үстіміздегі жылы жоғарыдағы спорт нұсқаушылары қатарына тағы 16 маман қосылды. Қазіргі таңда спорттың 17 түрінен 28 260 адам денешынықтырумен шұғылдануға тартылған. Жергілікті жердегі спорт алаңдары мен аудан орталықтарындағы спорт мектептерінің залдары жаңартылуда. Осындай оң бастамалар арқасында облыстағы бұқаралық спорт саласы өркен жайып келеді.