ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында «Jas Otan» жастар қанатының ұйымдастыруымен «Дәрігерлерге мың алғыс» акциясы өткізіліп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бүгін аталмыш шара Жаңақорған ауданында жалғасты. «Jas Otan» жастар қанаты аудандық филиалының еріктілері коронавируспен күресіп жүрген медицина қызметкерлеріне арнайы әзірленген «Денсаулық себетін» табыстады.
«Акцияның мақсаты – пандемия кезінде өз өмірін қатерге тігіп, бүгінгі қоғамның батырларына айналған медицина қызметкерлеріне жастар атынан алғыс білдіру. Себетке денсаулыққа пайдалы дәрумендер толтырылған. Бұл шараға 10-нан астам ерікті жұмылдырылды. Акция «Авто-лидер» компаниясының жетекшісі, кәсіпкер Нұрболат Ибраевтың қолдауымен жүзеге асты. Бүгінгі күнге дейін мұндай шара Қазалы ауданында өткізілді. Ертең облыс орталығы - Қызылорда қаласында жалғасын табады», - деді «Jas Otan» жастар қанатының өкілі Әлішер Кардашов.
Еске сала кетсек, дәл осындай шара Атырау облысында да өткізілді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.