Облыс әкімінің өкімімен және ҚР Президенті Әкімшілігі және Сырдария аудандық мәслихатының келісімдері бойынша Сырдария ауданының әкімі лауазымына Рүстемов Руслан тағайындалды.
Р. Рүстемов 1968 жылы туған. әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген. Еңбек жолын Қызылорда педагогикалық институтында оқытушы қызметінен бастаған. 1997-2002 жылдары – Қызылорда қаласы әкімінің аппаратында маман, консультант, Қызылорда қаласы әкімінің баспасөз хатшысы, Қызылорда қалалық мәдениет бөлімінің меңгерушісі, Қызылорда қаласы әкімі аппаратының ішкі саясат және әлеуметтік сала бөлімінің меңгерушісі болды. 2002-2008 жылдары – Қызылорда облысының мәдениет басқармасы бастығының орынбасары, Қызылорда облысы әкімі аппаратының әлеуметтік-саяси бөлімінің меңгерушісі, Шиелі ауданы әкімі аппаратының басшысы, Шиелі ауданы әкімінің орынбасары. 2010-2016 жылдары Қызылорда облысының тілдерді дамыту басқармасының басшысы болса, екі мәрте Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасын басқарды.Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары, Жаңақорған ауданының әкімі болған.
2016 жылдың тамыз айынан бастап осы кезге дейін Қызылорда облысы әкімінің орынбасары лауазымында қызмет атқарып келді.
Сондай-ақ, облыс әкімінің өкімімен және ҚР Президенті Әкімшілігі мен Жаңақорған аудандық мәслихатының келісімдері бойынша Жаңақорған ауданының әкімі лауазымына Мақашов Сұлтан Ысқақұлы тағайындалды.
С. Мақашов 1961 жылы туған. Қазақ химия-технологиялық институтын және Қызылорда экономика, экология және құқық университетін бітірген. Еңбек жолын 1978 жылы Қазалы ауданы Жаңақазалы коммуналдық кәсіпорындар комбинатында слесарь ретінде бастаған. 1984-1992 жылдары – Қазалы аудандық №86 жылжымалы механикаландырылған колоннада бригадир, шебер, аға прораб болса, 1992-1995 жылдары – №2 азаматтық құрылыс мекемесінде бас инженер, №86 жылжымалы механикаландырылған колоннаның жоспарлау бөлімінің бастығы қызметін атқарды. Ал 1995-2015 жылдары Қазалы ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің бас инспекторы, Қазалы ауданының бас сәулетшісі, Қызылорда облысы бойынша жылжымайтын мүлік орталығы Қазалы филиалының директоры, Қазалы ауданы әкімінің орынбасары қызметтерінде болды.
2015 жылдың маусым айынан бастап осы кезге дейін Қармақшы ауданының әкімі лауазымында қызмет атқарып келді.
Бұған дейінҚызылорда облысында облыс әкімінің орынбасары мен облыс әкімі аппарат басшысы тағайындалған болатын .