Қызылорда облысында екі ауданға жылжымалы емхана әкелінді

ЗЫЛОРДА. 19 желтоқсан. ҚазАқпарат /Жаңагүл Сердалы/ - Қызылорда облысында шалғай ауыл тұрғындарына тұрақты медициналық көмек көрсетуге айрықша көңіл бөлініп келеді.

Аймақ медицина қызметкерлері осы міндеттерді орындауға мүмкіндік беретін үш сатылы жылжымалы емхананың алғашқы екеуіне қол жеткізді. Ол Жаңақорған, Жалағаш аудандарына берілді. Енді біреуі Арал ауданына желтоқсан айының 20-ынан кейін келеді деп күтілуде. Бұл жылжымалы кешендерге республикалық бюджеттен 258 млн. теңге жұмсалған. Кешенде хирургиялық, гинекологиялық, тіс аурулары, кардиологиялық, УЗИ, жалпы қабылдау бөлмелері мен зертхана бар. Олар заманауи медициналық қондырғылармен жабдықталған. Сонымен қатар кешенде мамография, флюорография қондырғылары бар. Жалпы, кешенде штат бірлігіне сай 11 дәрігер жұмыс жасайды. Бұл қозғалмалы «КамАЗ» автокөлігінде орналасқан емхананың өзіміздің отандық «Ақтөберентгент» фирмасында дайындалып шығарылған.

Жаңақорған ауданындағы жылжымалы медициналық кешеннің салтанатты ашылуында облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Серік Игембаев мұндай қызметтің ауруды тез анықтауға, алдын алуға, медициналық көмек пен кеңес беру сапасын арттыруға мол мүмкіндік беретінін айтты.