ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында электр тогын қолдана отырып балықты заңсыз аулағандар қолға түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының қызметкерлері «Охотзоопром ӨБ» РМҚК қызметкерлерімен бірлесіп рейд жұмыстарын жүргізді. Оның барысында Шиелі ауданының «Телкөл каналы-3 көпір» аймағында «УАЗ» маркалы автокөлігі ұсталды.
«Тексеру барысында көліктің жүксалғышынан жалпы салмағы 77 келіні құрайтын үш қап балық, екі аккумулятор, қолдан жасалған электргенераторы, екі резеңке қайығы табылды. Бұл құрылғылар электр тогын қолдана отырып, балықты заңсыз аулау кезінде қолданылады. Жиналған материалдар бойынша қылмыстық іс қозғау үшін Шиелі аудандық полиция бөліміне тапсырылды. Іс ҚР Қылмыстық кодексінің 335-бабына сәйкес жүргізілуде», - деп мәлім етті Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясынан.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.