Қызылорда облысында ерте келіп дауыс бергендер қатарында соғыс ардагері және сарбаздар бар

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында 350 сайлау учаскесі таңғы сағат 07.00-ден өз жұмысын бастады. Оның ішінде 326-сы ашық түрде болса, 24 сайлау учаскесі жабық болып саналған. Облыста 407 133 сайлаушы бар.

Бүгінгі сайлау барысында алғашқы дауыс берушілер қатарында №263 сайлау учаскесінде Әлем чемпионы Илья Илиннің отбасы мүшелері ағасы және туғандары Алексей Илин жұбайымен келіп, өз таңдауын жасады. Барлық сайлауға түсуші кандидаттарға сәттілік тіледі.

Аймақтағы 324 сайлау учаскесінде сайлауды бақылаудың республикалық бақылаушы комиссиясынан 339 қысқа мерзімді бақылаушы және үкіметтік емес ұйымдардан 1745 бақылаушы тіркелген. Сонымен бірге, 18 шетелдік байқаушы тіркеліп жұмыс жасауда.

Алғаш рет дауыс бергендердің қатарында №200 сайлау учаскесінен соғыс ардагері, қоғам қайраткері Ыдырыс Қалиев, №266 жабық сайлау учаскесіндегі №5547 әскери бөлімдегі сарбаздар және №214 жабық сайлау учаскесіндегі қалалық перзентханадағы жаңа босанған әйелдер бар.

Сонымен бірге, облыстағы №226 сайлау учаскесінде айтыс ақыны Мұхтар Ниязов отбасымен бірге келіп, өз таңдауын жасады.

Белгілі айтыс ақыны өз сөзінде сайлаудың маңыздылығын айта келіп, «біз Мәңгілік Ел болуға талпынған мемлекетпіз. Сондықтан да осы мақсатты бірлесе жүзеге асыруға тиіспіз» деп ерекше атап көрсетті.

Сонымен қатар, бүгінгі сайлауға еңбекшілер әулеті де белсенді үлес қосуда. Атап айтқанда, №191 сайлау учаскесінде облыстағы байланысшылар әулетінің бірі - Қожантаевтар отбасымен бірге келіп, дауыс берді.

Олар өз сұхбатында сайлау өткізу халыққа өз таңдауын жасап, елдің дамуы үшін өзіндік үн қосатын тамаша мүмкіндік деп есептейтіндерін және бұл кезеңде әрбір азаматтың дауысының маңыздылығын атап көрсетіп, барлық Сыр елінің сайлаушыларына дауыс беруге шақырды.