ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында карантин талаптарын сақтамай көпшілікпен табиғат аясына демалуға шыққан ауыл әкімі тиісті жазаға тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысындағы Әдеп жөніндегі кеңесінің кезекті отырысында Жаңақорған ауданы, Қандөз ауылдық округі әкімінің тәртіптік ісі қаралды.
Департамент қызметкерлері ол жөнінде әлеуметтік желіде жарияланған жазбаға назар аударған.
«Әлеуметтік желідегі жазбада ауыл әкімінің карантин режимін сақтамағаны айтылған. Ол табиғат аясында әріптестерімен демалыс ұйымдастырған., Осылайша санитарлық талаптарды бұзған. Бұл көпшілік тарапынан сынға іліккен болатын», - деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің мамандары.
Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері тәртіптік істі қарады. Әдеп кодексі талаптарын бұзғаны үшін ауыл әкімі «ескерту» түріндегі тәртіптік жазаға тартылатын болды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.