ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында маусым айынан басталған «Қарасора-2023» іс-шарасы аясында есірткі өсірумен айналысқан 23 адам қолға түсіп, олардың 6-ы қамауға алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Республика көлемінде есірткі қылмысының алдын алуға бағытталған «Қарасора-2023» жедел-профилактикалық іс- шарасы 1 маусым және 31 қазан аралығында өткізіледі.
Аталған жұмыс барысында облыста есірткі өсірумен айналысқан 23 адам құрықталып, оның 6-ы қамаққа алынды
«Аталған жұмыстар барысында облыс көлемінде барлығы 39 есірткі құқық бұзушылығы анықталған. Оның ішінде 20-ы есірткі өсіру, 2-і есірткі өткізу, 3-і аса ірі мөлшерде сақтау және 14-і есірткіге байланысты қылмыстық теріс қылықтар саналады. Заңсыз айналымнан 1,6 тонна есірткі заты алынды. Полиция қызметкерлері олардан 5 келіден астамы «марихуана», 5 грамм «гашиш» және 1 тонна 610 келі каннабис өсімдігі тәркіледі, - деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінен.
Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылордалық азаматтан 41 түп қарасора өсімдігі тәркіленді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.