Қызылорда облысында қарт майдангерге жаңа автокөліктің кілті табыс етілді
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Шиелі ауданында тұратын ардагер Сәрсенбек Байжановтың үйіне барып, Сыр жұртшылығы атынан автокөлік кілтін табыстады.
Ғасыр куәгері С.Байжанов 1923 жылы Шиелі ауданында дүниеге келген. Соғыс жылдары Сталинградтың солтүстік батысындағы Магеллан қаласындағы шайқасқа қатысқан. Сол жолы көзінен, қолынан, аяғынан жарақат алып, бір жылдай госпитальда емделген. Екінші топтағы соғыс мүгедегі болып елге оралады.
«Қызыл жұлдыз», «Германияны жеңгені үшін» ордендерімен және Ұлы Отан соғысының мерекелік медальдарымен марапатталған. Жұбайы Жәмила Сейітжанқызымен бірге 5 ұл, 6 қыз, 40 немере, 65 шөбере және 3 шөпшек тәрбиелеп өсірген.
Айта кетейік, бүгінде облыста 6 Ұлы Отан соғысының ардагері бар.
Еске салсақ, бұдан бұрын 100-ге толған қызылордалық ардагердің құрметіне бәйге мен ақындар айтысы өткізілді.