ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында қоғамдық қауіпсіздікті сақтау мақсатында барлығы 28 блок бекет қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл жөнінде облыстық полиция департаменті мәлім етті.
«Қоғамдық қауіпсіздікті сақтау мақсатында қала көлемінде 5 блок бекет жұмыс істеп тұр. Ал 7 ауданда 23 блок бекет орналасқан. Бұл бекеттерде тәулік бойы полиция қызметкерлерінің нарядтары, әскери қызметшілер кезекшілік етеді. Арнайы техникамен қамтамасыз етілген.
«Қызылорда облысының Полиция департаменті Төтенше жағдай кезінде барлық азаматтарды енгізілген шектеу мен қоғамдық тәртіпті сақтауды сұрайды. Облыс аумағында енгізілген шектеулерге байланысты Сіздерді тек аса қажеттілік болған жағдайда ғана үйден шығуға болады», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінен.
Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылордада мерт болған сарбаздың өліміне қатысы болуы мүмкін адам ұсталды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.