ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында жолдағы көктайғақ салдарынан соңғы екі күнде 43 жол-көлік оқиғасы тіркелген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жол апатынан 3 адам қаза тауып, 10-ы дене жарақатын алған. Сондықтан полицейлер жолда абай болуға шақырды.
«Автокөлік жолдарының көктайғақ аумақтары бойынша полицейлер «ҚазАвтоЖол» мекемесі қызметкерлерімен бірге жедел тексерілуде. Сол арқылы көлік құралдарының қауіпсіздік қозғалысы қамтамасыз етілуде. Республикалық маңызы бар жолдардағы қауіпті аймақтарға патрульдік полиция бекеттері қойылды. Жол бойында арнайы 9 автокөлік жұмылдырылып, арнайы материалдар себу жұмыстары жүргізілді. Тұрғындардан сақтық шараларына назар аударуды сұраймыз», - дейді Қызылорда облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Шамшидин Әмитов.
Сондай-ақ, «Қызылорда-Жалағаш» жолында екі көлік соғылып, бір жолаушы көз жұмды .
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.