Қызылорда облысында көктемгі егіске әзірлік қыза түсті
19:37, 21 Қаңтар 2009
ҚЫЗЫЛОРДА. Қаңтардың 21-і. ҚазАқпарат /Руслан Игілік/ – Өткен жылдың соңында өткізілген алқа мәжілісінде облыс әкімі Болатбек Қуандықов көктемгі егіске дайындық жұмыстарын қазірден бастау керектігін тапсырды.
Осы мақсатта облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына дақылдарды орналастыру сызбасын жасауды жүктеген еді. Міне, сонан бері де айға жуық уақыт өтті. Бұл істің жүзеге асырылу барысы қалай?Аймақ басшысының тапсырмасына орай үстіміздегі жылы егілетін ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемін ауыспалы егістер және су жүйелері бойынша орналастыру жобаларын келісу жөніндегі облыстық комиссия құрылды. Оның құрамына қала мен аудан әкімдерінің орынбасарлары және осы салаға қатысты басқарма мен бөлім басшылары енгізілді. Комиссия аз ғана уақыт ішінде бекітілген кестеге сәйкес аудандардағы өкілдерді қабылдап, олардан егісті орналастыру сызбалары мен көктемгі дала жұмыстарына дайындықтың барысы туралы тиісті мәліметтерді жинақтады.Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне қарағанда сызбаға сәйкес биылғы жылы егілетін егіс көлемін 147,1 мың гектарға орналастыру межеленіп отыр. Соның ішінде 73,7 мың гектар дәнді дақылдар болса, 2,7 мың гектары майлы, 50,7 мың гектары жоңышқа, 7 мың гектар картоп, 5,6 мың гектар көкөніс, 7070 гектар бақша және 280 гектар алқапқа сүрлемдік жүгері егу жоспарланған. Осы барлық егіс көлемінің 64,9 мың гектарын суармалы егіс ? күріш дақылы құрайды. Бұл күріш егісінің көлемі өткен жылмен салыстырғанда 3,2 мың гектарға артық екенін көрсетеді. Күріш егісінің бұлайша ұлғаюы негізінен Қазалы, Сырдария аудандары мен Қызылорда қаласы шаруашылықтарының есебінен өсе түскен.Бір атап өтерлігі, биылғы жылдың егісіне дайындық өткен күзден бастап қолға алынды. Соның ішінде егілетін негізгі ауыл шаруашылығы дақылдары ? бидай, күріш, мақсары, жоңышқа тұқымдары қажетті көлемде дайындалды. Оған қоса 4,3 мың гектар күздік бидай егіліп, 44,7 мың гектар сүдігер айдалды. Құйылған күріш тұқымының 507 тоннасы суперэлита болса, 1,3 мың тоннасы элита, қалғандары үш сатыдағы репродукциялы тұқымдар. Айта кету керек, сол жиында облыс әкімі күріш сорттарын алмастыру жұмыстарын жалғастыру қажеттігін айтқан. Биылғы жылдан бастап бұл бағытта біршама жұмыстар қолға алынды. Атап айтқанда өңірімізге аудандастырылған жаңа сорттардан тұқым шаруашылығын дамыту мақсатында құрамында сала басшылары бар делегация қаңтар айының алғашқы аптасында Ресейдің Краснодар өлкесіне барып қайтты. Осы сапар барысында биылғы жылдың егісіне суперэлита және элита тұқымдарынан 352 тонна алуға келісім жасалды.Биылғы жылдың егісіне облыс бойынша 45,4 мың тонна азотты және 19,4 мың тонна фосфорлы тыңайтқыш алынады деп межеленуде. Бүгінгі күнге шаруашылық құрылымдары 4,6 мың тонна азотты, 150 тонна фосфорлы тыңайтқышын алған. Үстіміздегі жылдан бастап мемлекет минералдық тыңайтқыштардың бағасын субсидиялау жөнінде арнайы бағдарлама қабылдады. Алайда, осы бағдарламаның субсидия төлеу тәртібінің бекітілмеуіне байланысты тыңайтқыш дайындау жұмысы кешеуілдеп тұр.Күрішті суға бастыру Жаңақорған мен Шиелі аудандары сәуірдің 21-інен бастаса, қалған аудандар сәуірдің 26-сынан бастайды деп жоспарланып, ол кестеге қойылған. Шаруашылықтарды сумен уақтылы қамтамасыз ету үшін су жолдары мен тоспалардың, су көтеретін сораптардың сапалы жұмыс жасауы өте маңызды екені белгілі. Осыған орай биыл шаруашылықаралық арналардан 813,7 мың текше метр, ал ішкі шаруашылықаралық арналардан 865,9 мың текше метр топырақ шығару көзделуде. Бүгінде ауыл шаруашылығы техникаларын көктемгі дала жұмыстарына дайындау жұмыстары да қолға алынған. Қазірдің өзінде облыс бойынша ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің қолындағы 1795 трактордың 53,1 пайызы, соқаның 59 пайызы, дән сепкіштің 58,5 пайызы және түрлі техника тіркемелерінің 78 пайызы толық дайындық сапына қойылды. Сонымен қатар облыста машина-трактор паркін жаңарту жұмыстары да жалғасын табуда. Биыл осы мақсатта 204 ауыл шаруашылығы техникаларын лизингтік жолмен алуға тапсырыс берілді. Бұл техникаларды алуға 1 млрд. теңге қаржы бөлінген. Сондай-ақ, қазірдің өзінде шаруашылықтар көктемгі егіске 1,5 мың тонна дизель отыны мен 145 тонна дизель майын және 505 тонна жанар-жағар май алуға қол жеткізген. Бұл іс әлі де өзінің жалғасын табуда.Сонымен, қазіргі әлемдік қаржы дағдарысына қарамастан биылғы жылға мемлекет ауыл шаруашылығын қолдауға қыруар қаржы бөлді. Соның ішінде республикалық бюджеттен біздің облыстың егін саласын дамытуға 1 млрд. 600,9 млн. теңге, ал жергілікті бюджеттен 105 млн. теңге қаралып отыр. Айналып келгенде мұндай көмек ауылдағы ағайынның әл-ауқатын жақсартып, облыс экономикасының еселеп дами түсуіне жол ашады.