ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында көлігі батпаққа батып қалған франциялық жиһанкездер құтқарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
2 тамызда сағат 20.12-де төтенше жағдайлар қызметіне хабарлама түсті. Онда Арал ауданының Қамыстыбас елді мекенінің тұсында Франция азаматтарының жеке автокөлігі балшыққа батып қалғаны айтылған.
«Оқиға орнына Жедел құтқару жасағы аттанып, мән-жайды анықтады. Қамыстыбас елді мекенінен екі шақырым жерде Франциядан келген ер азамат пен әйел кісі өздерінің жекеменшік «IVECO» маркалы микроавтобусымен балшыққа батып қалған. Олар туристік мақсатпен ел аралап жүрген екен. Құтқарушылар автокөлікті балшықтан шығарып берді. Жолаушылар аман-есен, медициналық көмекті қажет еткен жоқ», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық төтенше жағдайлар департаментінен.
Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылорда облысында қой бағып жүрген азамат каналға батып кеткенін жазған едік.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.