ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы Жаңақорған ауданына қарасты Төменарық елді елді мекенінде көлік қаққан екі адам оқиға орнында мерт болып, біреуі медициналық мекемеге жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл оқиға «Жаңақорған-Төменарық» тасжолында орын алған. Төменарық ауылының тұрғыны өзінің «Renault Logan» маркалы автокөлігімен абайсызда жол үстінде кетіп бара жатқан жаяу жүргіншілерді қағып кетті. Салдарынан екі жаяу жүргінші оқиға орнында көз жұмды, үшінші жаяу жүргінші медициналық мекемеге жеткізілді.
«Қазіргі таңда автокөлік жүргізушісі қамауға алынды. Тиісті сот сараптамалары тағайындалды. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 4-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Онда көлiк құралдарын басқаратын адамның жол жүру қағидаларын бұзып, абайсызда екі адамның өліміне әкеп соғу жағдайы көрсетілген», - деп мәлім етті Қызылорда облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Бұдан бұрын Жаңақорғанда көлік қаққан жаяу жүргінші көз жұмған еді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.