ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында қонақүй иесін өлтірген күдікті қолға түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Шиелі аудандық полиция бөліміне 29 қыркүйекте ауылдағы қонақүйлердің бірінде оның иесінің дене жарақаты бар мәйіті табылғаны туралы хабарлама түскен.
«Полиция қызметкерлері тарапынан жүргізілген жедел-іздестіру жұмыстарының нәтижесінде аталған қылмысты жасады деген күдікпен облыста тұратын 25 жастағы тұрғын ұсталды. Одан айғақ заттар алынды. Қазіргі таңда күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінен.
Ведомство мәліметінше, аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 1-бөлігімен тергеп-тексеру әрекеттері басталып, тиісті сараптамалар тағайындалды.
Еске салсақ, бұдан бұрын Байқоңырда 64 жастағы тұрғын белгісіз жағдайда суға батып кетті.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.