Қызылорда облысында коронавирус жұқтырғандар қатары төмендеп келеді
Эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасында Қызылорда бүгін «жасыл» аймаққа ауысты.
«ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2021 жылғы 10 қыркүйектегі №42 Қаулысына сәйкес әлеуметтік-экономикалық нысандарының қызметіне шектеу шараларын жеңілдету «сары» аймақтан «жасыл» аймаққа көшкеннен кейін 7 күннен кейін жүргізіледі.
Кейінгі күндердегі көрсеткіштер бойынша облыста аурушаңдық деңгейі төмендеп келеді. Бұл ретте коронавирус инфекциясына қарсы жүргізілген вакцинация мен ревакцинацияның, санитариялық-эпидемиологиялық шаралардың оң әсері бар. Бүгінгі күні COVID-19 инфекциясына қарсы иммундаудың толық курсынан тиісті контингенттің 90,2% өтті», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз хатшысы Айман Жанахаева.
Ведомство мәліметінше, өткен тәулікте 38 адам коронавирус жұқтырды. Клиникалық белгілері 20 науқаста анықталса, қалған жағдайлар симптомсыз. Ал 9 жағдай 14 жасқа дейінгі балалар арасында анықталды.
Еске салсақ, Қызылорда облысында қаңтар айында 4293 адам коронавирус жұқтырды .