Қызылорда облысында құрылыс саласында жемқорлық қылмысы азаймай тұр

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысының құрылыс саласында сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыстар және құқық бұзушылықтар азаймай отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл түйткілді мәселе ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысындағы Әдеп жөніндегі кеңесінің кезекті отырысында талқыланды.

Айта кету керек, сала бойынша сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, оның жолын кесу бағытында тиісті іс-шаралар атқарылып келеді. Дегенмен, құрылыс саласында қылмыстар мен құқық бұзушылықтар жиі кездесіп қалады. Өткен жылы осы сипаттағы 20 қылмыс тіркеліп, 4 лауазамды тұлғаға қатысты соттың айыптау үкімі шықты.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысындағы Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері бұл жөнінде облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Мұхамедиса Әлсеріковке тиісті ескертпелер жасалды. Орын алған жағдайларды тиісті сала мамандарының қатысуымен ұжым арасында талқылап, қылмыстың алдын алу бағытында нақты іс-шаралар жоспарын бекіту ұсынылды. 

Әділет ҚАҢТАРБАЕВ 

фото:imenno.ru