Қызылорда облысында қылмыс деңгейі өршіп тұр - прокуратураның Үйлестіру кеңесінің отырысы

ҚЫЗЫЛОРДА. 5 қараша. ҚазАқпарат - Қызылорда облыстық прокуратурасында облыс прокурорының міндетін атқарушы Р.Райхановтың төрағалығымен Заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі Қызылорда облысының үйлестіру кеңесінің жоспарлы отырысы өтті.

Бұл туралы Қызылорда облыстық  прокуратурасының баспасөз қызметінен хабарлады.

Отырысқа Үйлестіру кеңестің мүшелері, облыстық соттың өкілі, шақырылған құқық қорғау органдар басшыларының орынбасарлары мен облыстық прокуратураның құрылым басшылары  қатысты.

Кеңесте заң талаптарының орындалуы туралы мәселелер қаралды. Онда саладағы сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын құқық бұзушылықтың алдын алу шараларының 2012 жылдың 9 айында орындалу жайы талқыланды.

Сонымен қатар үстіміздегі жылдың 9 айының қорытындысымен облыс көлемінде зорлық-зомбылық, пайдакүнемдік сипатындағы қылмыстардың өсу жағдайына және ішкі істер органдарының профилактикалық жұмыстарына талдау жасалды.

Аталған тақырыптар бойынша облыстық прокуратураның басқарма бастығы, әділет кеңесшісі Ерлан Қожанов және  Қаржы полициясы департаменті басқармасының бастығы, қаржы полициясының подполковнигі Нұржан Сарсенбаев баяндама жасады.

Ағымдағы жылдың есепті мерзімінде жалпы облыс бойынша сыбайлас жемқорлық сипатындағы 77 қылмыс  әшкерленсе, оның ішінде  құқық қорғау және сот органдарының қызметкерлеріне қатысты 19 және лауазымдық сипаттағы 7 қылмыс анықталды. Мысалы, Шиелі аудандық сотының төрағасы А. 9 жылға, бас маман Д. 4 жылға, ал ЗК-169/4 мекемесінің бөлім бастығы А. 3 жылға бас бостандығынан айыруға сотталды.

2012 жылдың 9 айында Байқоңыр қаласын қосып есептегенде қылмыстық  ізге түсу органдарымен барлығы 7959 (4509) қылмыс тіркелді. Жалпы тіркелген қылмыстың 4,1 пайызын - тонау, 0,3 пайызын - қарақшылық, 1,2 пайызын - зорлау және 0,2 пайызын қасақана кісі өлтіру фактілері құрайды.

Статистикалық  мәліметтер көрсеткендей,  облыс аумағындағы барлық қала және аудандарда қылмыстылық динамикасы өсу  үстінде болған.

Үйлестру кеңесінің мүшелері  отырыста қаралған мәселелерді талқылау нәтижесімен құқық қорғау және сот органдарда сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыстар мен құқық бұзушылықтарды алдын алуға, облыс көлеміндегі қылмыстарға тосқауыл қоюға бағытталған іс-шаралар қабылдап, оны  хаттамалық шешіммен бекітті.