Қызылорда облысында қысқы жылу маусымына дайындық жұмыстары аяқталып келеді

ҚЫЗЫЛОРДА. 24 тамыз. ҚазАқпарат /Жаңагүл Сердалы/ - Қызылорда облысында қысқы жылыту маусымына дайындық жұмыстары кестеге сай жүргізіліп, өзінің аяқталар шағына жақындап келеді.

Бұл туралы облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы бастығының орынбасары Жанболат Құрманбаев бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен өткізген мәслихатында сөз етті.

Қызылорда қаласы мен аудандар әкімде­рінің, бюджеттік бағдарлама әкімшілерінің мәліметтері бойынша алдағы жылу беру маусымына жалпы көлемі 2,9 млрд. теңге қаралған. Оның ішінде қажетті отын қорын алуға 2 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінсе, қалған қаржы жөндеу жұмыстарына жұмсалады. Бюджеттік мекемелерге 77,6 мың тонна қатты отын, 57,6 мың тонна сұйық отын және 128,5 мың тонна мазут алу жоспарланған. Бүгінгі таңға аталған жұмыстардың дені орындалып тұр. Енді жылу қазандықтарын жөндеуден өткізу жұмыстары тиянақталып келеді.