Қызылорда облысында малдарды бірдейлендіру бағытында тиісті жұмыстар атқарылуда

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында малдарды бірдейлендіру бағытында тиісті жұмыстар атқарылуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биыл малдарды бірдейлендіру мақсатында қажетті 85,5 мың ірі қара, 258,9 мың уақ мал, 9,4 мың түйе құлақ жапсырмаларына ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне ұсыныс берілген.

Аса қауіпті 14 түрлі жұқпалы ауруға қарсы республикалық бюджет есебінен биыл 6345200 доза ветеринариялық препараттар алынады. Осы мақсатта облыстың 2022 жылға арналған жануарлардың аса қауіпті ауруларының алдын алу бойынша ветеринариялық іс-шаралар жоспары бекітілді. Ветеринариялық препараттар ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан 20 ақпаннан бастап облыстарға бөлінеді.

«Жалпы, 6 түрлі энзоотиялық ауруларға (мүйізді ірі қара тейлериозы, пироплазмоз, уақ малдың фасциолез, жылқының сақау, гастрофилез, түйенің трипаносомоз) қажетті препараттар алуға облыстық бюджеттен 248 млн. теңге бөлінді. Бүгінде мемлекеттік сатып алу конкурстары жүргізілуде», - деді облыстық ветеринария басқармасының басшысы Шахмардан Қойшыбаев.

Дерекқор базасына әлі де жаңарту жұмыстары жүргізілуіне байланысты тоқтап тұр. Алдын ала дерек бойынша облыста бірдейлендіру жүргізілмеген 19565 сиыр, 8305 уақ мал, 1426 түйе, 7119 жылқы нақтыланды.

Айта кету керек, былтыр атқарылған жұмыстардың нәтижесінде облыс көлемінде аса қауіпті жұқпалы аурулар тіркелген жоқ.

Еске салсақ, Қызылордада мемлекеттік бағдарламалар кәсіпкерлікті дамытуға оң әсерін тигізді.