Қызылорда облысында мемқызмет саласы бойынша 276 заңбұзушылық анықталған

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Биыл Қызылорда облысында мемлекеттік қызмет саласындағы заңнама талаптарын сақтау бойынша жыл басынан бері 52 тексеру жүргізіліп, нәтижесімен 276 заңбұзушылық анықталған.

 Бұл туралы бүгін ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Абзал Мұхимовтың төрағалығымен өткен семинар-кеңес барысында белгілі болды, деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісі.

Биылғы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша өткен жиын барысында алдымен мемлекеттік қызмет саласы бойынша өзекті және күрделі мәселелер талқыланды. Нақтырақ айтсақ, мемлекеттік қызметшілерді кешенді аттестаттаудың қорытындысы, кадр ауысымдылығы, меритократия қағидасын ұстану, «Е-қызмет» жүйесінің жұмыс істеуі, сынақ мерзімін белгілеу және тәлімгерлерді бекіту, конкурстық процедураларды өткізу жайы сөз болды.

 Сонымен қатар, семинарда қазіргі таңдағы электронды мемлекеттік қызметтердің саны артқанындығы, тексеру шаралары барысында жиі кездесетін заңбұзушылықтар және оларды жою жолдары аталып өтті.

Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытындағы проблемалық және мемлекеттік органдармен жүргізілуі тиіс сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау мәселелері де қаралды.

 
 Бұл жерде еске сала кетер жайт, Елбасы өзінің Ұлт жоспары - бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам еңбегінің 1-қадамынан, 15- қадамына дейін мемлекеттік қызмет мәселесіне арнады. Ондағы 1-қадамда: Мемлекеттік қызметке қабылдау ресімдерін жаңғырту, сондай-ақ, мемлекеттік қызметке қабылдау төменгі лауазымдардан басталуы тиіс екендігі айтылған.2-қадамда: Төменгі лауазымдарға кандидаттарды реттеу және одан әрі лауазымдық өсу  іскерлік қасиеттер негізінде жүзеге асырылуы тиіс, деп көрсетілген. Сонымен бірге 3-қадамда: Қазақстан республикасының мемлекеттік қызмет және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің рөлін арттыру есебінен мемлекеттік қызметке алғаш рет қабылданушыларды іріктеу ресімін орталықтандыру, сол арқылы үш сатылы іріктеу жүйесін енгізу мәселесі көтерілді. Осы еңбектің 15-қадамына дейін мемлекеттік қызмет мәселелері жан-жақты көтерілді.