Қызылорда облысында осы жылдың 9 айында «көлеңкелі экономика» саласында 42 қылмыс ашылды

ҚЫЗЫЛОРДА. 5 қараша. ҚазАқпарат /Жаңагүл Сердалы/ - Қызылорда облысында үстіміздегі жылдың 9 айында «көлеңкелі экономикаға» қатысты 42 қылмыс ашылып, заңсыз айналымнан 100,5 млн. теңгенің шикі мұнай мен мұнай өнімдері алынды. Осының нәтижесінде мемлекет кірісіне заңсыз айналымда жүрген 47,2 млн. теңгенің мұнай және мұнай өнімдері тәркіленді. Бұл туралы облыстық Қаржы полициясының баспасөз хатшысы Раушан Мәмекова хабарлады.

Қаржы полициясының қызметкерлері таяуда ғана «Табыс Ойл» ЖШС басшыларының қылмыстық жолмен жинақталған 370 тонналық шикі мұнайын қолға түсірді. Құны 23,3 млн. теңге тұратын бұл ұрлық өнімдер 6 вагон-цистернаға құйылып, Белкөл бекетінен Алматы қаласындағы «Бас групп» ЖШС-ға жөнелтілмекші болған. Қазір аталмыш іс бойынша қозғалған қылмыстық істі тергеу аяқталып, сот үкімімен жаза тағайындалды. Тәркіленген мұнай мемлекет кірісіне алынды.