Қызылорда облысында соңғы айларда 146 адамды кене шағып алған

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында соңғы айларда 146 адамды кене шағып алған. Бұл жөнінде бүгін «Сыр Медиа» ЖШС жанындағы ОКО брифингінде облыс бойынша тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Ұлбосын Аханаева айтты.

Облыс әкімінің Қызылорда облысында Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруының алдын алудың кейбір мәселелері туралы өкімімен биыл аурудың алдын алу жұмыстарын үйлестіру жөніндегі жұмысшы тобының құрамы бекітілді. Наурыз айынан бастап өңірде кенеден залалсыздандыру жұмыстары жүргізілуде. 

Бүгінгі күнге дейін геморрагиялық Конго-Қырым қанды безгегі сияқты қауіпті ауру анықталған жоқ. Ұ.Аханаеваның айтуынша, Шиелі, Жаңақорған аудандарында жағдай тұрақталған. Өткен жылғы эпидемиологиялық кезеңмен салыстырғанда кене шағу оқиғалары 38-ге азайған. 

Қолайсыз елді мекендерде көктем мен күзде 2 рет кенеге қарсы өңдеу шараларын жүргізуге 166 млн. 315 мың теңге бөлінді. Сол төңіректердегі 300 метр радиуста санитарлық-қорғаныс аймақтарын құру, дала тышқандарының індерін терең дустациялауға республикалық бюджеттен 26 млн-нан астам қаражат бөлінді.