ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысының Жалағаш ауданы тұсындағы Сырдария өзені жағалауынан белгісіз ер азаматтың мәйіті табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, бұл бойынша қылмыстық іс тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
«Мәйіт ұзақ уақыт суда жатып қалған. Осыған байланысты табылған мәйіттің жеке басын анықтау үшін тиісті сот сараптамасы тағайындалды. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабының талабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге деректерін жария етуге жол берілмейді», - деп мәлім етті департаменттен.
Ведомство мәліметінше, қылмыстық іс Қызылорда облысы Полиция департаменті бастығының бақылауында.
Айта кетейік, әлеуметтік желіде табылған мәйіт белгілі кәсіпкер Тынымбай Баженовтің денесі болуы мүмкін екені айтылуда. Ол 2020 жылдың 15 ақпанында хабарсыз кеткен болатын.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.