Қызылорда облысында тастан жасалған қобыз табылды
Құнды артефакт археологиялық қазба жұмыстары барысында ІХ-Х ғасырларда порт ретінде тіршілігі қызған шаһар - Сортөбе қаласы аумағынан табылды. Қазір ежелгі мекеннің 60% бөлігін су шайып кеткен. Құнды жәдігерді археологтар Сортөбе қалашығының үшінші қабатын қазу кезінде тауып отыр. Қобыздың көлемі 40 сантиметр шамасында. Музыкалық аспаптың мүсіні құмшауыт тастан қашалып, моншақтармен әрленген. Ғалымдар осы ретте егер көне қалашық толық аршылса, Қорқыт бабаға қатысты жаңа деректер шығуы мүмкін екендігін айтады. Сырдарияның негізгі арнасы қаланы салған кезде Сортөбеден алыстау болған. Ал қазір, су шайған шаһардың бір бұрышы ғана қалған.
«Сондықтан тарихтан сыр шерткен мекенді зерттеп-зерделеу және табылған жәдігерлерін мұражайға тапсыру жұмыстарын жүйелеу қажет», - дейді ғалымдар.
«Қобыз бейнесіндегі тастан жасалған қобыздың сұлбасы. Өзім суретші ретінде мұның қобыз екенін білдім. Әркім әртүрлі жорамал жасай береді. Бірақ қағаз бетіне біркелкі түсірген кезде айқын көрінеді. Табиғи деп айтайын десек, табиғиға келмейді. Арты жоңылған. Келесі жағы теп-тегіс, жылтыр етіп өңделген», - дейді өнертанушы Ағабек Назаров.
«Бұл жер қыстақ болуы мүмкін. Себебі халық осында, дарияның жағасына малға жайлы, шөбі шүйгін болғандықтан тұрақтаған. Негізі ескерткіштің 4 мәдени қабаты бар. Оғыз мәдениеті Жетіасар мәдениетімен байланысты. Жалпы мұндай мәдени ескерткіш Орталық Азияда жоқ», - деп атап өтті Мемлекеттік шығыс музейінің аға ғылыми қызметкері (Мәскеу) Сергей Болелов.