Қызылорда облысында телекөпір кезінде Ақшабұлақтағы ілеспе газды өңдеу кешенінің екінші кезеңі іске қосылды - ҚР Президенті қатысқан телекөпір

None
ҚЫЗЫЛОРДА. Маусымның 28-і. ҚазАқпарат (Руслан Игілік) - Бүгін түс кезінде Қызылорда облысының теріскей бөлігінде жатқан қазыналы Құмкөл даласындағы Ақшабұлақ өңірінде ілеспе газды өңдеу кешенінің екінші кезеңін іске қосу шарасы өтті.

Айтулы кәсіпорынды қатарға қосқан «Қазгермұнай» БК акционерлік қоғамы бұл кешеннің бірінші кезеңін сонау 2005 жылы пайдалануға берген болатын. Ал жобалық құны 10,3 млрд. теңгені құрайтын екінші кезектің құрылысы былтыр басталып, осы күндері аяқталған қалпы бар. Бұл құрылысты «АО НГ СК Казстройсервис» атты компания жүргізді.

Облыс басшысы осы жайларды Президент Н.Назарбаевқа телекөпір арқылы баяндап болғасын, тиісті тетікті бұрау арқылы кешеннің іске қосылу рәсімін жасады. Содан кейін «Қазгермұнай» БК акционерлік қоғамы вице-президенті Біржан Дүйсенбеков сөз алып, Елбасына аталмыш компанияның Қызылорда қаласын газдандыру бағытында ұдайы жұмыс жасап келе жатқанын баяндады және алдағы уақытта да қолға алынған тірліктердің өрісі өркендей беретінін жеткізді.

Жалпы, еліміздің индустриялық-инновациялық жобасына Қызылорда облысынан 54 нысан енгізілген. Олардың 10-ы биылғы жылы қатарға қосылуы керек. Қазірдің өзінде битум шығаратын зауыт пайдалануға беріліп үлгерді. Таяу аралықта Қызылорда қаласында «Шапағат-сүт» акционерлік қоғамының нан жабатын зауыты халыққа қызмет ете бастайды. Мұның соңын ала Қазалыдағы тауарлы-сүт фермасының зауыты іске кіріседі.