ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында биыл туберкулезден көз жұму жағдайлары 35,3 пайызға азайды. Олардың арасында балалар мен жасөспірімдер жоқ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Биыл жыл басынан бері облыс көлемінде туберкулездің 310 жаңа жағдайы тіркелген. Бұл, 2019 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 18,3 пайызға төмендегенін көрсетіп отыр. Індеттен көз жұму деңгейі де 35,3 пайызға азайған. Оның ішінде балалар мен жасөспірімдер арасында бірде-бір оқиға тіркелмеген.
«Есепті мерзімде туберкулез ауруына қарсы 17 245 сәбиге вакцинация және 9131 ревакцинация жүргізілді. Осылайша барлығы 26 376 балаға егу жұмыстары атқарылды. Егуден кейінгі асқыну жағдайы тіркелген жоқ. Жыл басынан флюрографиялық тексерумен облыс тұрғындарының 96,8 проценті қамтылған.
Санитариялық мамандар тарапынан туберкулезге қарсы екпенің маңыздылығы және туберкулезді алдын алу бойынша ағарту жұмыстары үздіксіз жүргізілуде», - деп мәлім етті Қызылорда облысының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінен.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.