Қызылорда облысында ҰБТ-да оқушылары жақсы нәтиже көрсеткен ұстаздар марапатталды (ФОТО)

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Биылғы жылы Қызылорда облысының ұстаздары, мектеп бітірушілері өз білімдерінің жоғары деңгейін дәлелдеп, Ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесінде облыс бойынша орташа көрсеткіш 81,7 балл болды. Осылайша, өткен жылғы 13-ші орыннан алдыңғы 5-ші орынға дейін көтерілді. Бүгін аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев оқушылары жоғары нәтиже көрсеткен ұстаздарды қабылдап, марапаттады.

«Алтын белгі» белгісіне үміткер 231 бітірушінің 139-ы, яғни 60,2 пайызы өз білімдерін дәлелдеп шықты. Одан бөлек, 26 үміткердің «Алтын белгіге» 1 баллы жетпей Үздік аттестатқа ие болды.

Бұл соңғы жылдары білім саласына, оның ішінде ұстаздарға әлеуметтік қолдау жасау мен олардың кәсіби біліктілік деңгейін көтеруде атқарылған жұмыстардың нәтижесі. Сонымен бірге бұл білім алушылар үшін де облыстық және жергілікті бюджет есебінен Ұлттық бірыңғай тестілеу пәндерінен арнайы оқу-әдістемелік құралдар мен тестілеу кітапшаларын жеткілікті түрде алып берудің нәтижесі.

Мұнан бөлек, Жаңақорған ауданындағы Талдысу қосымша білім беру орталығы мен Арал ауданындағы Қамбаш оқу-сауықтыру орталығын оқу жылы бойы тиімді пайдалану да оң әсерін тигізіп отыр. Жалпы, білім сынына дайындық барысы қалай болғанын облыстық білім басқармасының басшысы Бақытжан Сайлыбаев баяндап берді. Аймақ басшысы келер жылы да бұл көрсеткішті жақсарту қажеттігін айтты. Жасалуы қажетті жұмыстар осы жиын барысында пысықталды.

- Қазіргі таңда мектеп бітірушілердің барлығы қолдарына аттестаттарын алды. Бұл түлектеріміз енді өз құжаттарын ЖОО-лар мен колледждерге тапсыратын болады. Бітірушілер Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербор қалаларындағы ЖОО-на түсуге мүмкіндік алды. Сонымен қатар биылғы жылы «Серпін-2050» бағдарламасы бойынша да еліміздің солтүстік аймақтарындағы жетекші университеттер мен колледждерде білім алуға үлкен мүмкіндіктер беріліп отыр. Біздің балаларымызға ақ жол, ұстаздарға еңбектеріңізде шығармашылық табыс тілеймін, - деді облыс әкімі Қ.Көшербаев.

Ерекше атап өтерлігі, биыл ҰБТ-ға Жалағаш ауданындағы №123 орта мектептің бітірушілері толықтай қатысып, орташа балл 98,2 құрады. Осындай жоғары нәтижеге қол жеткізуге атсалысқандар облыс әкімінің «Құрмет» грамотасымен және «Алғыс хатымен» марапатталды.