ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында жол-көлік оқиғасынан төрт адам қаза тауып, бір адам жарақат алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оқиға 15 желтоқсанда елорда уақытымен сағат 20.45 шамасында «Самара-Шымкент» автомобиль жолының 1345 шақырымында, Арал ауданы Шижага ауылының тұсында жол-көлік оқиғасы тіркелді.
«Алдын ала мәліметтер бойынша, «Mercedes-Benz» автокөлігі мен жүк көлігі соқтығысқан. Апат салдарынан төрт адам қаза тауып, бір адам жарақат алды. Жол-көлік оқиғасы бойынша толық деректер анықталуда. Аталған оқиға ҚР Қылмыстық кодексінің 345 бабы 4 бөлігімен тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізілуде. Сараптамалар тағайындалды», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінен.
Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылорда облысында бензовоз жеңіл көлікке соғылып, 4 адам көз жұмды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.