ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында жоғалған 10 жастағы бала түн ішінде табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оқиға Қазалы ауданында болды. 31 жастағы азаматша кәмелеттік жасқа толмаған ұлының үйіне қайта оралмағаны жөнінде полиция қызметіне хабарлаған.
«Хабарлама бірден әлеуметтік желіге жарияланды. Аудандық полиция бөлімінің жеке құрамы, аудандық білім бөлімінің қызметкерлері, кент тұрғындары арасынан шыққан еріктілер іздестіру жұмысына кірісті. Ауданның барлық ауылы мен далалық жолы, вокзал маңы, орман алқабы назарға алынды.
Жоғалған бала таңғы сағат 5.30 шамасында табылды. Азаматтардан өз балаларын қадағалауда ұстауын сұраймыз», - деді Қазалы аудандық полиция бөлімінің бастығы Сәбит Арынов.
Мәлім болғандай, оқушы ауыл шетінен далалы жерден табылды.
Бұған дейін Қызылордада жоғалып кеткен 7 жасар бала өзен жағасынан табылғанын жазған болатынбыз.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.