Қызылорда облысында жыл басынан бері 4531 адам коронавирус жұқтырды

None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында жыл басынан бері 4531 адам коронавирус жұқтырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

2020 жылдан бастап өңірде бүгінгі күнге дейін 23949 қатерлі індетті жұқтырды. Ауруға шалдыққандардың басым көпшілігі, яғни 70 пайызы клиникалық белгісімен анықталған.

Жалпы деректердің 14 пайызы 2020 жылы тіркелсе, 70 пайызы былтыр анықталған. Жыл басынан бері 4531 адам коронавирус жұқтыру бойынша есепке алынған. Былтырғы жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда коронавирустың салыстырмалы аурушаңдық көрсеткіші 19 есеге дейін ұлғайды. Дегенмен қазір аталған көрсеткіш төмендеп келеді. Облыс 4 ақпаннан бастап «жасыл» аймақта тұр.

Өткен тәулікте коронавирус инфекциясын 16 азамат жұқтырды. Олардың арасында қатерлі індетке қарсы екпе салдырмаған адамдар бар.

Коронавирус инфекциясын ПТР әдісімен анықтау бойынша облыс көлемінде 12 зертхана жұмыс жасайды. Барлық зертханалардың жалпы қуаттылығы 3620 анализді құрайды.

«Омикрон штамының басты ерекшелігі – жоғары жұқпалылығында. Қаңтар айындағы эпидахуалдың күрт күрделенуін осы штамның айналымда болу ықтимал. Алайда пациенттерді стационарларға жатқызу көрсеткіші айтарлықтай тұрақты. Бұл вакцина алған тұрғындар мен қайта ауырып шыққан адамдардың ағзасында қалыптасқан антиденелерге байланысты. Қазір олар бұл тодқыннан оңай өтуде. Дегенмен де сақтық шараларын әлсіретуге болмайды», - деді Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова.

Еске салсақ, Қызылорда облысында 34,1 мың жасөспірім коронавирусқа қарсы егілді.