Қызылорда облысында жыл басынан бері есірткімен байланысты 149 қылмыс анықталды
22:58, 14 Қыркүйек 2022
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында жыл басынан бері 149 есірткі қылмысы анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыс көлемінде өткізіліп жатқан «Қарасора-2022» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында 99 құқықбұзушылық анықталды. Оның ішінде 4-і есірткі затын аса ірі мөлшерде сақтау, 7-і есірткі сату, 53-і есірткі өсіру дерегі құрайды.
«Аталған шара барысында заңсыз айналымнан 31 келіге жуық марихуана және синтетикалық есірткі заты алынды. Нәтижесінде 20 698 түп сора өсімдігі жойылды», - деп атап өтті Қызылорда облысы Полиция департаментінің бастығы Мұхтар Қожабаев.
Іс-шара барысында жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының қатысуымен жедел алдын алу іс-шарасын өткізу жоспары әзірленген. Бұл бағытта жұмыс топтары құрылып, кешенді жұмыстар атқарылуда.
Еске салсақ, Қызылордада түрмеге трамадол мен 5 телефон лақтырмақ болған адам ұсталды.