40 ауылдық округте әкім сайланады. Сайлау процесін байқау үшін «Партиялық емес байқау орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалы 300-ден астам тәуелсіз байқаушыны даярлауда.
«Елімізде тұңғыш рет ауылдық округтері әкімдерінің сайлауы өтеді. Осы орайда аталған маңызды шараның ашықтығы мен заңдылығын байқау үшін елімізде «Партиялық емес байқау орталығы» құрылған. Аталмыш орталық атынан біздің өңірімізде 300-ден астам байқаушы арнайы оқытудан өтті. Мақсатымыз - алдағы маңызды шараның ашық, заңға сәйкес өтуіне өз үлесімізді қосу»,- дейді «Партиялық емес байқау орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Жандос Тұсмағамбетов.
Қазір байқаушылар арнайы оқытудан өтіп, сайлау процесіне қатысты білімін шыңдауда. Жалпы, Партиялық емес байқау орталығының қызметі сайлауды, оның ішінде сайлау учаскелерінде байқау мен мониторинг жүргізу арқылы сайлау процесіне жүйелі түрде қатысуға бағытталған.