Қызылорда облысының аумағына сең келіп жетті

ҚЫЗЫЛОРДА. 18 ақпан. ҚазАқпарат /Жаңагүл Сердалы/ - Сырдарияның жоғары ағысы бойымен төмен қарай жылжыған сең көші Қызылорда облысының аумағындағы Жаңақорған ауданы жеріндегі Бесарық ауылының тұсынан өтті.

Бұл туралы хабарлаған Су ресурстарын пайдалану мен қорғау жөніндегі Арал-Сырдария бассейні инспекциясының бастығы Әділхан Қарлыханов қазіргі күндері сеңнің алды Шиелі ауданының аумағына келіп қалғанын айтты. Ол Қызылорда қаласынан шамамен 260 шақырым жерде тұр.

Осы күндері дариядағы сеңнің оңтүстік аудандардағы қалыңдығы 10-15 сантиметрден аспаса, солтүстік беткейде 45-55 сантиметрден кем емес. Ал төтенше жағдайлар жөніндегі басқарма Қызылорда су торабына секундына 600 текше метр, Әйтек тоспасына 400 текше метр, Қазалы торабына 460 текше метр су түскен кезде мұз құрсауы орын алып жатқанын жеткізді.

-Қазіргі таңда 16 млрд. текше метрден артық су жиналған, - дейді Ә.Қарлыханов. - Енді қаңтар айы мен сәуірге дейінгі аралықта ол жақтан дария бойына түсетін судың мөлшері секундына 650 текше метрден аспауы тиіс. Мұндай шешім қаңтар айында Шымкентте өткен Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан өкілдерінің қатысуымен өткен Су шаруашылығы жөніндегі мемлекетаралық үйлестіру комиссиясының мәжілісінде қабылданды.

- Сеңнің Сырдарияның бойымен қауіпсіз жүріп өтуі үшін осы күндері Шардарадан төмен қарай секундына 250 текше метрден артық су жіберілмеуі керек, - деді ол одан әрі. - Мұның да біраз бөлігін Көксарай қарсы су реттегіші алып қалады. Жалпы, соңғы екі жылдан бері бірінші рет Сырдария мен Әмудария арналары бойымен көктемгі мұз жүру кезінде ағуға тиіс судың мөлшерлі кестесі жасалып қойылды.

- Облыста төтенше жағдайларды ескерту және оның қаупін жою үшін бюджеттен 592,7 млн. теңге қаржы бөлінді, - дейді облыстық мобилизациялық дайындық, азаматтық қорғаныс, авариялар мен стихиялық апаттардың алдын алу және жою жөніндегі басқарманың бастығы Әмірқұл Жылқайдаров. Оның айтуынша, бұл қаржылардың басым бөлігі тоғандар мен бекіністерді нығайтуға жұмсалған. Сонымен қатар тасқын болуының ықтимал кезеңі қарсаңында облыстағы осыған қатысты барлық авариялық-құтқару қызметтері мен тұрғындардың қатысуы негізінде оқу-жаттығу жиыны өткізілген.

-Біз қазір өзеннің бойында тәуліктік бақылау күзетін ұйымдастырып отырмыз, - дейді Ә.Жылқайдаров.

Мамандардың алдын ала болжамы бойынша, дариядағы мұз көшкіні облыс орталығының шегінен ақпанның 24-26-сы күндері өтуі тиіс.