Қызылорда облысының басшысы Б. Қуандықов Әйтеке би кентіндегі жаңа балабақшаның ашылуына қатысты
11:44, 08 Желтоқсан 2012
ҚЫЗЫЛОРДА. 8 желтоқсан. ҚазАқпарат - Кеше Қызылорда облысы Қазалы ауданында балалар бақшасының қатары жаңадан салынған тағы бір нысанмен толықты.
Әйтеке би кентінде бой көтерген «Балапан» балабақшасы 280 орынға лайықталған. Тәуелсіздік мерекесімен тұспа-тұс келген тұсаукесер рәсіміне аймақ басшысы Болатбек Қуандықов қатысты.
Балабақша құрылысы 2011 жылы басталып, осы маусымда аяқталған болатын. Акт залы, асханасы, ойын, жатын және басқа да бөлмелері бар. Жалпы ауданы - 485 шаршы метр. Бас мердігер - «Қазалы-Құрылыс» ЖШС-нің ұжымына ата-аналардың алғысы шексіз. Еңселі балабақша облыстық бюджет қаржысы есебінен салынды. Қазіргі заман талабына сай жаңа технологиялармен жабдықталған.