Қызылорда облысының денсаулық сақтау саласында оң өзгерістер бар

None
ҚЫЗЫЛОРДА. 4 қаңтар. ҚазАқпарат /Жаңагүл Сердалы/ - Өткен жылдың ішінде Қызылорда облысының медицина саласы айтарлықтай оң өзгерістерге түсіп, өркендеудің жолына бет бұрды.

Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі мәлім етті.

Бұл ретте елімізде Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің енгізілгені жақсы жаңалықтарға серпін беріп отыр. Осының арқасында науқас кісілердің күрделі оталар жасай алатын дәрігерлер мен емдеу орындарын өзі таңдауына мүмкіндік туды. Салада емдеудің жаңа тәсілдері пайда бола бастады. 2011 жылы Сыр өңірінің денсаулық сақтау саласында да көптеген оң өзгерістер орын алды. Бүгінгі таңда облыстық кардиологиялық орталық ауруларға коронация жасап қана қоймайды, сонымен бірге күрделі қан-тамырлары оталарын да орындай беретін болды. Кардиохирург-дәрігер Ағзам Әлдешевтің айтуынша, өткен жылы облыста жүрекке жиырма шақты жаңа манупиляция жасау тәжірибесі енгізілген. Осының арқасында туа бітті жүректері ауыратындарды қиындықсыз емдеуге қол жеткен. Былтырғы жылы осы дәрігердің өзі осындай 200-ден астам операция жасаған. Ал келесі кардиохирург-дәрігер Нұрлан Исмайыловтың айтуынша, қазір жүрекке күрделі оталар кеуде сүйектерін ажыратпай-ақ, қан тамырлары арқылы жасалатын болған. Бұл науқастың сауығып кетуін жеделдетеді.

Жыл ішіндегі ендігі бір үлкен жаңалық - республикада санитарлық авиация жұмысы қайта қалпына келтірілді. Осыған байланысты 2011 жылы облысқа барлық қажетті жабдықтармен жабдықталған медициналық тікұшақ әкелінді. Ол аймақтың алыс ауылдарында тұратын тұрғындарға жедел медициналық жәрдем жасауға жол ашты.  

Бұдан басқа, былтыр емдеу және алдын алу мекемелерінің материалдық-техникалық базасын жақсарту мақсатында облысқа 50 санитарлық мәшине, 3 медициналық жылжымалы кешен,  неонатальды реанимобиль, сондай-ақ жылжымалы қан тапсыру бекеті алынды.