Қызылорда облысының экс-әкімі қайтыс болды

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысының бірінші әкімі болған Сейілбек Шаухаманов 80 жасқа қараған шағында өмірден өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атпал азамат саналы ғұмырын елінің дамуына жұмсаған болатын. Ол Сыр елін Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында басқарды. Ең қиын кезеңде билікті тізгіндеген басшы біліктілігінің арқасында түйіткілді мәселелерді шеше білді. Жұмыссыздықпен күресуді қолға алып, ауыл шаруашылығы саласын дамытуға сүбелі үлесін қосты.

Сейілбек Шаухаманов 1939 жылы Қызылорда облысы Жаңақорған ауданына қарасты Өзгент ауылында дүниеге келді. 1962 жылы Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтын бітірді. Мұнан соң Алматы жоғары партия мектебініде білімін жетілдірді. Еңбек жолын «Қазауылшаруатехникасы» бірлестігінде қарапайым механик болудан бастады. Тынымсыз еңбектің нәтижесінде аталмыш мекеменің инженері болып еңбек етті. 1965-1991 жылдары Кеңес Одағы коммунистік партиясының мүшесі болды.1975-1980 жылдары Жалағаш ауданының екінші секретарі қызметін абыроймен атқарды. Ол Қызылорда облысы әкімшілігінің бірінші басшысы болды. Ал 1992 жылы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бұйрығымен Қызылорда облысының әкімі болып тағайындалды. Сондай-ақ, Сейілбек Шаухаманов ҚР Парламенті Сенатына сайланған тұңғыш депутат болатын. Өмірінің соңына дейін қоғамдық өмірге белсене араласып, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметін атқарды.

Сейілбек Шаухаманов - тарихи тұлға. Ол ауылды гүлдендіруге көп көңіл болды. Ала жаздай егін басында тер төгетін шаруаларға үлкен қолдау көрсетті. Тәуелсіздік алған жылдары есеңгіреп қалған халықты бір бағытта жұмылдыра білді. Еселі еңбектің арқасында халықтың құрмет - қошеметіне бөленді. Қашанда тәжірибесімен бөлісуге асығатын. Облыстың экс-әкімі зейнетке шыққаннан кейін де қоғамдық өмірге белсене араласатын. Өткір мәселелер турасында батыл пікірлер айтып, аймақ дамуына бей-жай қараған жоқ.

Бүгін Нартай Бекежанов атындағы облыстық драма театрында Сейілбек Шаухамановпен қоштасу рәсімі мен қаралы митинг ұйымдастырылды. Жанашыр азаматты ақтық сапарға шығарып салуға халық көптеп жиналды. Қайғыдан қан жұтқан марқұмның жақындарына көңіл айтып, ел ағасының жарқын бейнесі мәңгі ел жадында қалатынына сендірді.

фото:strategy2050.kz