Бұл туралы Қызылорда облыстық статистика департаментінің бастығы Бақыт Сапар бұқаралық ақпарат құралдарымен ашық есік күні жағдайындағы баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Департамент бастығының айтуынша, аймақ еңбеккерлері 2012 жылды барлық сала бойынша лайықты көрсеткіштермен қорытындылады. Есепті кезеңде өнеркәсіп өндірісінің көлемі 1 триллион 104 млрд. теңгені құрайды. Оның 86 пайызы мұнай өндірісінің үлесіне тиесілі. Бұл жағынан облыс республикада үштікті тиянақтап тұр.
«Мұндай жоғары көрсеткішке облыс өзінің тарихында тұңғыш рет қол жеткізіп отыр. Өңірлік өнім өндіру де жоғары. Цифрларға жүгінсек, өткен жылдың 9 айында өндірілген жалпы өңірлік өнімнің көлемі 791,4 млрд. теңге болды. Бұл алдыңғы жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда, 4,5 пайызға өсіп, жан басына шаққанда 1093,7 мың теңгеден айналғанын көрсетеді», - деді департамент басшысы.
Жыл қорытындысы бойынша, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 48,3 млрд. теңгеге жеткен. Астықты алқаптардың аумағы ұлғайып, картоп пен көкөніс-бақша дақылдарының өнімі жыл санап өсе түсуде. Республикадағы күріштің 81 пайызы осы облыс жерінде өндіріледі. Үстіміздегі жылдың 1 қаңтарындағы мәлімет бойынша, шаруашылықтың барлық санаттарындағы ірі қара мал 236 мың, қой мен ешкі 650 мың болса, жылқы 67,8 мың, түйе 33,5 мың басқа тең. Цифрлар табиғи ерекшеліктеріне байланысты жер көлемі үлкен болғанымен, ірі қара малынан басқа түлік көршілес Оңтүстік Қазақстан облысынан едәуір кем. Мысалы, мүйізді ірі қара - төрт, жылқы - үш, қой сегіз есеге аз.
Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі бағалау есебімен 253,5 млрд. теңгені, ал құрылыс жұмыстарының көлемі 124 млрд. теңгені құрайды. Жыл көлемінде пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы алаңы 293,3 мың шаршы метрге тең. Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы аясында іске қосылған үйлерден басқа 243,3 мың шаршы метр тұрғын үй алаңын жеке тұрғындар салған. Былтыр тұрғын үй құрылысына 14 млрд. теңге салынса, қолданысқа берілген тұрғын үйлердің 60 пайызға жуығы Қызылорда қаласына тиесілі.
Статистикалық деректер бойынша, биылғы 1 қаңтарға шағын бизнестің саны 4652 кәсіпорынға жеткен. Бұл 2012 жылдың 1 қаңтарымен салыстырғанда, 6,8 пайызға жоғары. Аталмыш саладағы өнім көлемі 172,1 млрд. теңге. Ал ішкі бөлшек сауда-тауар айналымы көлемі 110,7 млрд. теңгеге жетіп, алдыңғы жылғыдан 26,4 пайызға өскен. Халықтың жан басына шаққанда 154 мың теңгенің тауарлары сатылған.
Мәліметте көрсетілгеніндей, азық-түлік тауарларының да, азық-түлік емес тауарлардың да бағалары өскен. Өкінішке орай, ақылы қызмет түрлерінің бағалары да біршама қымбаттаған. Өңірде жұмыссыздық деңгейі сәл де болса төмендеді десек те, республиканың орта көрсеткішінен басымдау.
Өткен жылдың бірінші желтоқсанына қызылордалықтардың жалпы саны 725 мың 900 адамға жетіпті. Облыста туу көрсеткішінің жоғарылап отырғанына тоқталған департамент басшысы, өмірге келген шақалақтар саны бойынша Қызылорда республикада төртінші орын, ал табиғи өсім жөнінен үшінші орында екенін мәлімдеді.