Қызылорда облысының Кардиология орталығында өткен жылы 140 адамның жүрегіне ашық ота жасалды
Оның барысында журналистер бірқатар емдеу, диагностикалау мекемелерінде болып, олардың жұмысымен танысты.
Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері алдымен, Облыстық медицина орталығы жанынан ашылған Нейроинсульттік орталыққа тоқтады. Бұл орталық былтырғы жылғы ақпан айында ашылған болатын. Емдеу орталығы 100 төсек-орынға арналған, оның 40-ы жалғастыру реабилитациясына, 30-ы инсульт бөліміне және 30-ы жалпы неврологияға арналған. Орталық меңгерушісі Оңталап Өмірзақовтың айтуынша, емдеу мекемесі ашылғалы бері 42 науқасқа ота жасалған. Сонымен қатар 36 млн. теңгеге құрал-жабдықтар сатып алынған.
Келесі кезекте журналистер Кардиология орталығына қарасты кардиохирургия бөлімшесінің жұмысын көрді. 2009 жылы ашылған орталықта үш жыл ішінде 1200 жүрекке ашық ота жасалған, оның 140-ы - өткен жылы. Ересектермен қатар туабітті жүрек ақауы бар, салмағы сегіз келіден асатын балаларға да ота жасалуда. 2012 жылдың өзінде 48 балғын отаға алынған. Мыңнан астам коронарлық ота жасалған. Бөлімше заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Бір ангиограф аппараты бар, алдағы уақытта екіншісі алынады деп күтілуде.
№6 қалалық емхана - облыс орталығындағы ірі медициналық мекемелердің бірі. Емдеу- алдын алу орны 50 мың адамға арналған. Бір мезгілде 750 адамды қабылдайды. Сонымен қатар Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен оларға теңестірілгендерге көмек көрсетеді. 2008-2010 жылдары «Жол картасы» бағдарламасы бойынша күрделі жөндеуден өткен. Емхананың бас дәрігері Әділбай Медетбековтің айтуынша, бүгінде мекеме 63500 тұрғынға қызмет көрсетеді. Емдеу, диагностикалау мекемесі жаңалығының бірі - мұнда электронды терминал орнатылған. Ол келушілерге емхана қызметі жөнінде ақпарат береді. Рентген кабинеті, ардагерлер бөлмесі жаңа құрал-жабдықтармен жабдықталған. 30 төсектік күндізгі бөлім де тұрғындар саулығын жақсартуға қызмет көрсетеді. Емханада бүгінгі таңда «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы аясында скринингтік тексеру жүргізу шарасы жолға қойылған. Скринингтік тексеру ауруды ерте анықтауға мүмкіндік береді. Бүгінде ол тоғыз ауру түрі бойынша жүргізілуде.
Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері аялдаған соңғы нысан Облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансері болды. 1981 жылы пайдалануға берілген диспансер 370 төсек-орынға арналған. Қазіргі таңда мұнда 290 науқас емделуде.
Жалпы, облыс бойынша туберкулезге қарсы іс-шаралар 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы және Денсаулық сақтау министрлігінің «Туберкулезбен күрес жөніндегі кейбір мәселелер туралы» бұйрығы аясында жүргізіледі. Аймақта туберкулезді анықтауға, емдеуге және сауықтыруға барлық мүмкіндік жасалған. Бұл орайда 9 диспансер, 870 орындық аурухана, 200 төсектік ересектерге, 100 төсектік бала мен жасөспірімдерге арналған шипажай, 1600 орындық 14 санаторлық балабақша және 410 орындық екі санаторлық мектеп жұмыс жасауда. Диспансердің материалдық-техникалық базасы да жылдан-жылға нығайып келеді. Сондай-ақ, диспансердің бас дәрігері Әбдіғабит Әбләзім ауруларды емдеуге негізгі дәрілермен қатар, екінші қатардағы дәрілер қорының да жеткілікті жасақталғанын айтты. Сондай-ақ, науқастарды емге ынталандыру және ем сапасын арттыру мақсатында жаһандық қор есебінен 443 ауруға азық-түлік себеті мен гигиеналық заттар, емханаға қатынау үшін 75 сырқатқа айына 4 000 теңгеден қаржы қаралған.
Осындай жұмыстар нәтижесінде өткен жылы облыста әр 100 мың адамға шаққанда туберкулезге шалдығу 2011 жылғы 98,8-ден 92,1-ге төмендеді. Яғни, 2011 жылы алғаш рет туберкулезге шалдыққан 692 ауру тіркелсе, өткен жылы оның саны 662-ні құраған. Десек те, шешімін күтіп тұрған мәселелер де жоқ емес. Мәселен, туберкулезге қарсы күрес мекемелерінде сорып-шығару желдеткіш жүйесінің орнатылмағаны белгілі болса, мультирезистентті ауруларды емдейтін қалалық тубдиспансердің ғимараты күрделі жөндеуді қажет етеді, сонымен бірге облыстағы бар төсек орын есебінен қалалық тубдиспансердің төсек-орнын 20-ға арттыру қажеттілігі туындауда.
Шара соңында облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Серік Игембаев бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арнап баспасөз мәслихатын өткізді. Онда басқарма басшысы өткен жылы салада атқарылған жұмыстар жөнінде әңгімелеп, алдағы жұмыс жоспары туралы айтып өтті.