Қызылорда облысының Сырдария ауданы тұсында дарияға көпір салу басталды

ҚЫЗЫЛОРДА. 21 маусым. ҚазАқпарат - Кеше Сырдария өзенінің Қызылорда облысы Сырдария ауданындағы аумағына көпір салу басталды.

Ол «Самара-Шымкент-Тереңөзек» трассасының 15-ші шақырымына тура келеді. Ол Тереңөзек кентін Шаған ауылымен байланыстырады.

Осыған арналған салтанатқа облыс әкімі Болатбек Қуандықов, Қазақстан Парламенті Мәжілісінің бір топ депутаттары қатысты. Мамандардың айтуынша, өзен үстіндегі бұл көпір қазіргі заманғы талаптарға толық жауап береді. Оның ұзындығы 220 метр, көлік жүретін бөлігіндегі ені 10 метр болады. Ал судың бетінен жоғарыға дейінгі биіктігі 7 метрге барады. Құрылыс әрбірі 42 метрден тұратын 5 бөліктен құралады.

Алдын ала жүргізілген конкурстың нәтижесінде Алматы қаласының «А.В.Рязанов атындағы МО-25» ЖШС құрылысты жүргізу құқығын жеңіп алды. Көпірдің құрылысы 2013 жылғы қазан айында толық аяқталып, пайдалануға берілуге тиіс.