ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қаңтардағы жаппай тәртіпсіздік кезінде полицейлер Қызылорда облысының әкім Гүлшара Әбдіқалықованың қызметтік көлігін бұзақылардан қорғап, қауіпсіз жерге эвакуациялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл жөнінде облыстық полиция департаменті таратқан қаңтардағы жаппай тәртіпсіздік кезінде Қызылордада болған жағдай жөніндегі бейнежазбада айтылды.
«Жұртшылықпен жүздесуге облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова келді. Алайда келіссөз сәтсіз аяқталып, агрессивті адамдар ешкімге құлақ асқан жоқ. Бұл азаматтар әкімді қоршап алған уақытта полиция департаментінің арнайы бөлімшелерінің күшімен әкім эвакуацияланды», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінен.
Мұндай наразылық Арал қаласында жалғасып, оған қатысушылар республикалық «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» тасжолы мен теміржол өткелін жауып тастады.
Мұндай әрекеттер Қазалы мен Жалағаш аудандарында көрініс берді.
Ал Жаңақорған, Шиелі, Сырдария, Қармақшы аудандарында жиналған тұрғындармен жүргізілген келіссөз нәтижесінде оқиғаның ушығуына жол берілген жоқ.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.