Қызылорда сауда орындарының қауіпсіздігі 2 ай бойы тексеріледі

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Сыр өңірінде алдағы 2 ай көлемінде адам көп шоғырланған нысандардың өрт қауіпсіздігі тексеріледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл жөнінде облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Омар Бержанов мәлім етті. 

«Төтенше жағдайлар саласының мамандары Сыр өңірі тұрғындарын 20 наурызда басталған тазалық айлығы барысында абай болуын сұраймыз. Он күннен астам уақыттың ішінде бізге 52 өрт сөндіруге байланысты дабыл қағылған. Оның 7-і өрт ретінде тіркелсе, 45-і өртке жатпайтын жану болды. Аймақта 2 автокөліктің өртену жағдайы да тіркелген»,- дейді О.Бержанов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ, ол шара барысында тұрғындар жиі шоғырланатын орындар, 15 сауда үйі тексеруден өтетіндігін айтты. Олардың арасында облыс орталығында орын тепкен «Жібек жолы» ойын-сауық орталығы, «Мұз айдыны», «Арай» спорт-сауықтыру кешендері бар.

Сондай-ақ, базарлардағы өртке қарсы қауіпсіздіктің сақталуына назар аударылады. Оған қоса 300-ден астам жеке балабақшалар да тексеруден өткізіледі. Онда отқа тез жанып кететін құрылыс материалдары, жоғары қабаттардағы ойын-сауық алаңдарының орналасу заңдылығына көңіл бөлінеді. Былтыр осындай тексеу шарасы барысында 86 өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылғандығы анықталған.

Әділет ҚАҢТАРБАЕВ

 

Иллюстрациялық фото