Қызылорда, Шымкент, Астана және Өскемен қалаларында «Қыз Жібек» клубтары ашылмақ

АЛМАТЫ. 28 қыркүйек. ҚазАқпарат - Алматыдағы Қазақ мемлекеттік қыздар университетіндегі «Қыз Жібек» клубы еліміздің өзге аймақтарында да қолдау тауып жатыр.

Бұл туралы кеше V Республикалық «Қаламгер Азамат» жас тілшілер форумына қатысушылар аталмыш оқу орнында қонақта болған кезде айтылды. Олар аталмыш жоғары оқу орнының әлеуметтік мәселелер және тәрбие ісі жөніндегі проректоры Зәуреш Сабыровамен кездесіп, университет жұмысымен танысты. Одан кейін «Ақтұмар» мұражайы мен «Қыз Жібек» клубының тыныс-тіршілігімен танысты. З. Сабырованың айтуынша, «Қыз Жібек» клубында қазақ қыздарына сұлулық пен денсаулықты сақтаудың, саламатты өмір сүрудің басты қағидаларын ұстанудың және болашақ ұлт анасы ретінде отбасы өміріне даярлау мен үй шаруашылығына қатысты өмірлік қажеттіліктер үйретілуде. Қыз алдындағы қоғамның, елдің, ұлттың болашағы үшін үлкен жауапкершіліктің тұрғандығы ұғындырылуда. Үлкенді сыйлайтын, кішіге қамқор болатын, білікті, білімді қызды қалыптастыруды мақсат тұтқан «Қыз Жібек» клубы бұдан өзге қазақ қызының бойына әдеп пен сыпайылық, ибалылық, инабаттылық, тазалық пен адамгершілік нәрін сусындатады. Клуб бүгінгі таңда студенттердің сырласатын, ой бөлісетін, қажетті кеңестер алатын орнына айналып отыр. Клуб тәжірибесі игі бастама ретінде Атырау мен Көкшетауда қолдау тапқан еді. Жуырда олардың қатарына Павлодар да қосылды. Енді мұндай клубтар алдағы жылдары Қызылорда, Шымкент, Астана және Өскеменде ашылмақ.