Қызылорда тұрғындары Елбасы Жолдауына үлкен үміт артады

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Елбасының бүгінгі Жолдауын Қызылорда жұртшылығы ерекше ықыласпен тыңдады. Онда айтылған маңызды мәселелерге байланысты өздерінің ой-пікірлерін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елбасы Жолдауының теледидар арқылы тікелей көрсетілімін тамашалау өңірдегі барлық мекемелер мен кәсіпорындарда ұйымдастырылды. Арнайы көрсетілім аяқталғаннан кейін ел өміріндегі маңызды құжат жөнінде ой-пікірлерін білдірді.

Бұл орайда Ы. Жақаев атындағы қазақ күріш өсіру ғылыми-зерттеу институтының директоры Серікбай Өмірзақов «Елбасы бұл Жолдауында агроөнеркәсіп саласына үлкен басымдық беріп отыр. Ауылшаруашылық өнімдерін терең өңдеу арқылы Қазақстанның экспорттық әлеуетінің көтерілуінің жолын тікелей көрсетіп, нақты тапсырмалар берді.

Сондай-ақ, білім, ғылым саласын жақсарту бағытында үлкен қаржы бөлінеді деді. Әрине, Қазақстанның болашағы берік болып, халқымыздың сапалы өмір сүруіне тікелей жол ашылатынын айқындап берді. Қоғам үшін де жұмыла жұмыс жасау үшін нақты тапсырмалар берді.

Айта кетерлігі, Жолдаудың орындалу барысында біздің облыста агроөнеркәсіп саласы қарқынды дамуда. Ғылыми жетістіктермен инновациялардың өндіріске тездетіп енгізу арқылы осындай көрсеткіштерге жету мүмкіндіктері нақты айқындалды», - дейді ол.

«Елбасының жылдағы Қазақстан халқына Жолдауы әрбір қазақстандыққа, біздерге күш-қайрат, жігер және бағыт-бағдар беріп отырады. Осындай Жолдауларының бірінде Елбасы «Қазақстан -2050» стратегиялық бағдарламасында: «Қазақстанда жетім балалар саны көбейіп бара жатыр. Бұл мына жаһанданудың әсері. Бұны біз болдырмауымыз керек. Әр жетім бала отбасында тәрбиелену керек, деп Үкіметке тапсырма берген болатын.

Осы тапсырманың негізінде 2015 жылы Қызылорда облысында жетім балалар үйі жабылып, оның орнына отбасы үлгісіндегі балалар ауылы ашылды. Бүгінгі Жолдаудың басты мақсаты - еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының жақсаруы және әрбір қазақстандықтың әл-ауқатын арттыру міндеттеліп отыр. Осы мақсатта біраз маңызды тапсырмалар берілді. Егер осы берілген тапсырмалар өз деңгейінде орындалса, біздің еліміз одан сайын дамып, өркениетті елдердің қатарына қосылып, ілгерілей түсер еді деп ойлаймын», - деді «Атамекен» балалар орталығының директоры Лиза Ысқақова.