Қызылорда қалалық полиция басқармасының Ақсай полиция бөліміне жергілікті тұрғын өз үйінде есірткі заттарын сақтайтыны туралы ақпарат келіп түсті. Полицейлер жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізді. Нәтижесінде күдіктінің тұрғылықты мекен-жайына тінту, тергеу әрекетін жүргізу барысында пәтеріндегі лоджиясында ерекше иісі бар жасыл түсті өсімдік тектес 103 полиэтилен пакет табылып, тәркіленді.
«Тәркіленген заттар сараптама қорытындысымен 10 кг-нан астам кептірілген марихуана екені анықталды. Сонымен қатар арнайы іс-шара аясында жоғарыда аталған күдіктінің бұл затты жеке пайдалану үшін сақтаумен айналысқаны белгілі болды. Белгілі болғандай, күдікті бұрын ҚР Қылмыстық кодексінің 300-бабы (Құрамында есiрткi заттар бар, өсiруге тыйым салынған өсiмдiктердi заңсыз егіп-өсіру) бойынша сотталып, 2018 жылы бостандыққа шыққан. Күдікті Қызылорда қалалық Полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінен.
Ведомство мәліметінше, аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабының 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Аталған қылмыс үшін үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.