ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда қаласында орналасқан ЗК-169/5 мекемесінде жазасын өтеушіге келген танысы бәліш ішіне есірткі жасырып өткізбек болды. Бұл жөнінде Қызылорда облыстық Қылмыстық атқару жүйесі департаментінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жазасын өтеушіге келген танысының заттары арнайы орнатылған ренгтен аппаратымен тексерілген. Нәтижесінде онда бәліш ішіне жасырылған есірткі бар екендігі анықталып, өткір иісі бар, жасыл түсті зат тәркіленген.
«Тәркіленген зат бойынша жедел түрде 102 нөміріне хабарланды. Оған Қызылорда қалалық полиция басқармасының жедел-тергеу тобы шақырылды. Сот-химиялық сараптамасының қорытындысымен тәркіленген зат 30,25 грамм кептірілген марихуана екені дәлелденді. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 297 бабының 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде», - деп мәлім етті ведомстводан.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.